Сатып алуды ұйымдастыру және өткізу кезіндегі негізгі қателіктер

2761
Сатып алуды ұйымдастыру және өткізу кезіндегі негізгі қателіктер
Тапсырыс берушінің және ұйымдастырушының мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде мемлекеттік сатып алуды өткізу және әлеуетті өнім берушіні таңдау кезеңінде жіберетін заң бұзушылықтары

Мемлекеттік сатып алуды өткізу кезіндегі тапсырыс берушілер мен ұйымдастырушылардың тарапынан жіберілетін негізгі қателіктерге мерзімдерді бұзу жатады.

Мемлекеттік сатып алу жоспарын бекіту мерзімін бұзу

Тапсырыс берушілер көбінесе жыл басында мемлекеттік сатып алу жоспарын бекіту мерзімін бұзу арқылы қателіктерге жол береді.

"Мемлекеттiк сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабы 3-тармағының негізінде Тапсырыс беруші мемлекеттiк сатып алудың жылдық жоспары (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспары) бекiтілген күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде оны мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастыруға міндетті.

Сонымен қатар мемлекеттік сатып алуды жүргізу мерзімдермен қатаң регламенттелген.

Алдын ала рұқсат беру және қорытындылар туралы хаттамаларды жариялау күндерін көрсету кезіндегі бұзушылық

Бұзушылықтарға көбінесе алдын ала рұқсат беру және ашық конкурс бойынша қорытындылар туралы хаттамаларды жариялау кезінде жол беріледі.

Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 130-тармағына сәйкес, конкурстық комиссияның әлеуетті өнім берушілерді конкурсқа қатысуға алдын ала рұқсат беру туралы шешімі конкурсқа қатысуға өтінімдер ашылған күннен бастап он жұмыс күн ішінде қабылданады және оны конкурстық комиссияның хатшысы веб-порталда орналастырады.

Қағидалардың 140-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтірілген әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа қатысуға өтінімдерін қайта ұсыну мерзімінен бастап бес жұмыс күні ішінде конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың қорытындысы туралы хаттама ресімделуге тиіс.

Мемлекеттік сатып алудан бас тарту себептерін қолдануды бұзу

Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар көбінесе мемлекеттік сатып алудан бас тарту себептерін қолдануда бұзушылықтарға жол береді.

Заңның 5-бабы 10-тармағының 1) және 2) тармақтарына сәйкес, тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқанға дейін:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті бюджетті, бюджет жобасын нақтылау (түзету) кезінде болған, мемлекеттік сатып алудың бекітілген (нақтыланған) жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) көзделген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған шығыстар қысқартылған;

2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органның стратегиялық жоспарына, тапсырыс берушінің бюджетіне (даму жоспарына) мемлекеттік сатып алудың бекітілген (нақтыланған) жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) көзделген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу қажеттігін жоққа шығаратын өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайларда, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудан бас тартуға құқылы.

Бұл ретте «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 207-бабының 3-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасында көзделмеген жағдайларда мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырудан бас тарту, лауазымды адамдарға бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

    Мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасын жіберу мерзімдерін бұзу

2016 жылдан бастап мемлекеттік сатып алу порталында шарт жасасу және оған қол қою негізінен электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен жүргізіледі.

Мемлекеттік сатып алу туралы шарт – осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, тапсырыс беруші мен өнім беруші арасында мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы жасалған, электрондық цифрлық қолтаңбалармен куәландырылған азаматтық-құқықтық шарт.

Тапсырыс беруші тарапынан шартты келісуге жіберу және оған тапсырыс беруші мен өнім беруші тарапынан қол қою мерзімдермен қатаң регламенттелген.

Сондықтан, тапсырыс берушілер шарттарды келісуге және қол қоюға жіберу кезінде мерзімдердің бұзылуына жол береді.

Қағидалардың 383-тармағына сәйкес, тапсырыс беруші жеңімпазға веб-портал арқылы тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы үлгі шарттарға сәйкес электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған шарттың жобасын:

1) конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттамаға шағымдану мерзімі өткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде;

2) баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы айқындаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жібереді.

Өнім берушілердің үстінен сотқа талап арыз беру мерзімдерін бұзу

Барлық тапсырыс берушілер үшін Заңда көзделген себептер бойынша бұзушылықтарға жол берген өнім берушілерді Тізілімге енгізу рәсімі өзекті проблема болып табылады.

"Мемлекеттiк сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабына және 12-бабының 4-тармағы 3)тармақшасына сәйкес, тапсырыс беруші өзіне өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу фактісі туралы белгілі болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, осындай әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінуге міндетті.

Кодекстің 207-бабының 11-тармағына сәйкес, мынадай: 

1) тапсырыс беруші өнім берушімен мемлекеттік сатып алу туралы шартты біржақты тәртіппен бұзған, оны орындау барысында өнім берушінің біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) талаптарына сәйкес келмейтіні немесе нәтижесінде осындай шарт жасалып, оның конкурс (аукцион) жеңімпазы болуына мүмкіндік берген осындай талаптарға сәйкестігі туралы анық емес ақпарат бергені анықталған;

2) өнiм берушi өзiмен жасалған мемлекеттiк сатып алу туралы шарт бойынша мiндеттемелерiн орындамаған не тиiсiнше орындамаған жағдайларда, тапсырыс берушiнiң әлеуеттi өнiм берушiлердi, өнiм берушiлердi мемлекеттiк сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгiнбеуi немесе уақтылы жүгiнбеуi –

лауазымды адамдарға отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

Мерзімдерді бұзудан басқа, тапсырыс берушілер мен ұйымдастырушылар басқа да қателіктерге жол береді.

 Конкурстық құжаттамаға қосымша техникалық ерекшеліктегі қателіктер

Сонымен, конкурстық құжаттамаға қосымша техникалық ерекшеліктің талаптарымен танысу кезінде, өнім берушілерде қателіктердің қасақана жіберілгені туралы күмән пайда болады.

Заңның 21-бабының 3-тармағының негізінде, конкурстық құжаттамада осы Заңда көзделмеген жағдайларда, әлеуетті өнім берушілер санының шектелуіне алып келетін, оның ішінде мыналарға 1) әлеуетті өнім берушілерге кез келген өлшенбейтін сандық және (немесе) әкімшілендірілмейтін талаптар белгілеуге;

2) тауар белгілеріне, қызмет көрсету белгілеріне, фирмалық атауларға, патенттерге, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге, тауардың шығарылған жерінің атауына және өндірушінің атауына, сондай-ақ сатып алынатын тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің жекелеген әлеуетті өнім берушіге тиесілілігін айқындайтын өзге де сипаттамаларға, мыналарды:

негізгі (орнатылған) жабдықтарды, сондай-ақ орнатылған бағдарламалық қамтылымды (лицензиялық бағдарламалық қамтылымды) қосымша жинақтау, жаңғырту және қосымша жарақтау үшін;

тауарды лизингке беру бойынша көрсетілетін қызметтерді берушіні айқындау және лизинг нысанасын егжей-тегжейлі сипаттау қажеттігі туындағанда;

тапсырыс берушінің қолында бар тауарды жөндеу және (немесе) техникалық қызмет көрсету үшін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру жағдайларын қоспағанда, нұсқаулардың болуына қатысты мемлекеттік сатып алу талаптарын белгілеуге тыйым салынады.

Мысалы: аудиторлық қызметтерді сатып алу кезінде техникалық ерекшелікте, энергетикалық компанияларда аудит жүргізу саласында 15 жыл тәжірибесінің бар болуы талабы негізгі іріктеуге кіретіні туралы жазылған. Алайда тәжірибе – бұл шартты жеңілдіктерді есептеуге арналған өлшем және әлеуетті өнім берушілер арасында іріктеудің негізгі параметрі емес.

    Сатып алу тәсілін дұрыс таңдамау

Сатып алу тәсілін дұрыс таңдамау тапсырыс берушілердің қателіктерінің бірі болып табылады. Бұл қателік тапсырыс берушінің, сатып алу рәсімдерін қолдану арқылы жүргізілуі тиіс Заңның 39-бабының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу бойынша шарт жасауымен жиі байланысты болып келеді.

Кодекстің 207-бабының 12-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасында көзделмеген жағдайларда, мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден сатып алу тәсілімен мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру – лауазымды адамдарға бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

Мысал. Тапсырыс беруші Интернет қызметін мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен атып алуды өткізеді, ал негізінде интернет-қызметтер – бұл бәсекелестік орта, яғни, сатып алу рәсімдерін: сатып алудың жоспарлы сомасына байланысты сатып алуды электрондық конкурс не баға ұсыныстарын сұрату тәсілдерімен жүргізу арқылы өнім берушіні таңдау қажет.

Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың жиі өзгеретінін ескерер болсақ, тиісінше мемлекеттік сатып алу рәсімінің өзі де өзгереді, сондықтан тапсырыс берушілер мен ұйымдастырушылар жол беретін қателіктерді азайту мақсатында, бұндай лауазымдарды үнемі өзінің біліктілігін арттырып отыратын және әлеуетті өнім берушілердің құқықтарын саналы түрде бұзбайтын құзыретті мамандар атқаруы керек.

Дереккөз: Мемлекеттік сатып алу бойынша «Actualis» электрондық жүйесі



Подписка на статьи

Чтобы не пропустить ни одной важной или интересной статьи, подпишитесь на рассылку. Это бесплатно.

Участвуй в наших семинарах

Школа

Проверь свои знания и приобрети новые

Записаться

Самое выгодное предложение

Самое выгодное предложение

Воспользуйтесь самым выгодным предложением на подписку и станьте читателем уже сейчас

Живое общение с редакцией


Рассылка






© 2007–2016  «Госзакупки  МЦФЭР - Казахстан» 

Все права защищены. Полное или частичное копирование любых материалов сайта возможно только с письменного разрешения редакции  «Госзакупки МЦФЭР - Казахстан». Нарушение авторских прав влечет за собой ответственность в соответствии с законодательством РК.

По вопросам подписки обращайтесь:        +7 (727) 323-62-12, 323-62-13

По вопросам клиентской поддержки тел.: +7 (727) 237-77-04


  • Мы в соцсетях