Мемлекеттік сатып алуды баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен өткізу кезінде тапсырыс берушінің тарапынан болатын бұзушылықтар

33
Биятова Жанар Рахметоллаевна
Эксперт электронной системы «ACTUALIS» по ГЗ, автор журнала «Государственный заказ. Вопросы и ответы», юрист, СКО
Веб-порталда шарт жобасын орналастырмау әлеуетті өнім берушіге оның мәтінімен және елеулі талаптарымен танысуына мүмкіндік бермейді, онсыз жеңген жағдайда шартты орындау қиын немесе мүмкін болмайды.

Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысу үдерісінде кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастырушылар мен тапсырыс берушілер тарапынан болатын әртүрлі бұзушылықтарға кез болулары мүмкін. Бұзушылықтардың негізгі түрлері мен оларға қарсы әрекет тәсілдерін қарастырып көрейік.

Мемлекеттік сатып алу туралы ақпаратты орналастыруға арналған мерзімдерді сақтамау

Бұзушылықтың мәні

Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 31-бабы, 1-тармағына сәйкес мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы баға ұсыныстарын табыс ету мерзiмi аяқталғанға дейiн 5 жұмыс күнiнен кешiктiрмей мемлекеттік сатып алу веб-порталында мемлекеттік сатып алу туралы ақпаратты орналастыруы тиіс. Іс-тәжірибеде бұл мерзім әрқашанда сақтала бермейді, бұл барлық өнім берушілерге сатып алуларға қатысуға үлгеруге және баға ұсынысын өз уақытында дайындауға және ұсынуға мүмкіндік бермейді.

Қарсы әрекет қандай болуы керек?

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның 15-бабы, 5-тармағының 1-тармақшасына сәйкес өнім беруші қаржылық бақылау органдарына тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастырушының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жазбаша шағыммен жүгінуге құқылы. Осылайша, ол ұйымдастырушыны ақпаратты өз уақытында орналастыру жөніндегі талаптарды орындауға мәжбүрлей алады немесе бұзушылықтармен өткізілген сатып алулардың күшін жойғызуға қол жеткізе алады.

Тапсырыс берушінің шарт жобасын орналастырмауы

Бұзушылықтың мәні

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның 31-бабы, 1-тармағына сәйкес мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы баға ұсыныстарын табыс ету мерзiмi аяқталғанға дейiн 5 жұмыс күнiнен кешiктiрмей мемлекеттік сатып алу веб-порталында тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды өткізу туралы ақпаратты және елеулi талаптарын, оның ішінде техникалық шарттарын көрсете отырып, мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жобасын қазақ және орыс тілдерінде орналастыруға міндетті. Алда тұрған баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен болатын мемлекеттік сатып алу туралы орналастырылған ақпарат мемлекеттік сатып алудың веб-порталында тіркеуден өткен әлеуетті өнім берушілерге танысу үшін қолжетімді болуы тиіс.

Веб-порталда шарт жобасын орналастырмау әлеуетті өнім берушіге оның мәтінімен және елеулі талаптарымен танысуына мүмкіндік бермейді, онсыз жеңген жағдайда шартты орындау қиын немесе мүмкін болмайды.

Қарсы әрекет қандай болуы керек?

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның 15-бабы, 5-тармағының 1-тармақшасына сәйкес өнім беруші қаржылық бақылау органдарына бұл бұзушылыққа шағыммен және тапсырыс берушіні немесе сатып алуды ұйымдастырушыны жол берілген бұзушылықты түзетуге міндеттеу, ал егер сатып алу өткізілген болса, онда оның күшін жою туралы талаппен дереу жүгінуі қажет.

Хабарландыру мәтінінде көрсетілген мәліметтердің шарт жобасының мәтініндегі мәліметтерге сәйкес келмеуі

Бұзушылықтың мәні

Сатып алу туралы хабарландыру мен шарт жобасының орналастырылған мәтіні негізгі талаптары бойынша (тауар, жұмыс, көрсетілетін қызметтің атауы, өнім берудің көлемі мен техникалық сипаттамалары, шарт талаптарын орындау мерзімдері мен есеп айырысу тәртібі) елеулі айырмашылықтарға ие болуы мүмкін. Осыған байланысты шартқа қол қою кезінде өнім беруші баға ұсынысын жасаған кезде өзі есепке алмаған талаптарды айқындауы мүмкін.

Қарсы әрекет қандай болуы керек?

Әлеуетті өнім беруші көрсетілген мәліметтердің бір-біріне сәйкес келуін мұқият тексеруі тиіс. Өнім беруші хабарландыруда көрсетілген баға ұсыныстарын ұсыну мерзімдері аяқталғанға дейін өзінің баға ұсынысын қайтарып алуға құқылы. Ол сондай-ақ көрсетілген бұзушылықтар жөнінде қаржылық бақылау органдарына немесе сотқа шағым түсіре алады.

Қол қоюға ұсынылған шарт мәтінінің бұрынырақ орналастырылған шарт жобасы мәтініне сәйкес келмеуі

Бұзушылықтың мәні

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның 31-бабы, 9-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасының елеулі талаптарына өзгерістен және (немесе) толықтырулар енгізуге жол берілмейді. Бұл талапты бұзудың нәтижесінде өнім беруші қол қоюға мәтіні бұрынырақ орналастырылған жоба мәтінінен өзгеше шартты алуы мүмкін.

Қарсы әрекет қандай болуы керек?

Өнім беруші шарт жобасынан айырмашылығы бар шартқа қол қоймауға құқылы, өйткені «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның 39-бабына сәйкес мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың жобасына өзгерiстер енгiзуге мынадай өзара байланысты талаптар сақталған жағдайда:

- тараптардың бірі конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей шарттың жобасына өзгерістер енгізуге бастамашылық жасаса;

- шарт жобасының сомасын азайту бөлігіне өзгерістер енгізуге жол берілсе;

- шарт сомасын азайту бөлігіне өзгерістер енгізу туралы шешім тараптардың өзара келісуі бойынша қабылданса жол беріледі.

Көрсетілген талаптарды сақтамастан мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасына өзгертулер енгізуге жол берілмейді.

Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасына не жасалған шартқа өткізілетін (өткізілген) мемлекеттік сатып алу шарттарының мазмұнын өзгертетін өзгерістер және (немесе) өнім берушіні таңдауға негіз болған ұсыныстар енгізуге жол берілмейді.

Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы № 5 «Соттардың мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолдануы туралы» Нормативтік қаулысына сәйкес жеңімпаз болып танылған өнім беруші бас тарту себептеріне қарамастан, шарт жасасудан бас тартуға немесе тапсырыс берушіге шарттың елеулі талаптарын өзгертуді ұсынуға  құқылы. Өнім беруші көрсетілген бас тартуды немесе ұсынысты тапсырыс берушіге соңғы шарт жобасын жіберу мерзімі (қорытындылар шығарылғаннан кейінгі 5 жұмыс күні ішінде) өткеннен кейін ғана ұсынуға құқылы. Өнім берушінің шарт жасасудан бас тартуды ұсынуы өнім беруші тарапынан бұзушылық болып табылмайды және бұдан кейін оны сотта мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану үшін негіз болмайды. Бұларға сондай-ақ орындалуы тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алуға  хабарландыру берген кезде көрсетілген талаптарды қамтыған шарт жасауға мүмкіндік бермейтін қандай да бір басқа да жазбаша жүгіністер де жатады.

Сондай-ақ өз құқықтарын қорғау үшін өнім беруші тапсырыс беруші орналастырған шарттың нақты талаптары туралы ақпаратта көрсетілген сатып алынатын тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) сипаттамаларының тапсырыс беруші қол қоюға ұсынған шартпен сәйкессіздігін көрсетуі мүмкін. Көрсетілген негіздеме тапсырыс беруші сотта оны шарт жасасудан жалтарғаны үшін жосықсыз өнім беруші деп тану туралы талаптар ұсынған жағдайда өнім берушінің пайдасына түсіндірілетін болады.

Шарт мәтінін өзгертуге мәжбүрлеудің барлық жағдайларында қаржылық бақылау органына берілген шағым көмектеседі.



Подписка на статьи

Чтобы не пропустить ни одной важной или интересной статьи, подпишитесь на рассылку. Это бесплатно.

Участвуй в наших семинарах

Школа

Проверь свои знания и приобрети новые

Записаться

Самое выгодное предложение

Самое выгодное предложение

Воспользуйтесь самым выгодным предложением на подписку и станьте читателем уже сейчас

Живое общение с редакцией


Рассылка






© 2007–2016  «Госзакупки  МЦФЭР - Казахстан» 

Все права защищены. Полное или частичное копирование любых материалов сайта возможно только с письменного разрешения редакции  «Госзакупки МЦФЭР - Казахстан». Нарушение авторских прав влечет за собой ответственность в соответствии с законодательством РК.

По вопросам подписки обращайтесь:        +7 (727) 323-62-12, 323-62-13

По вопросам клиентской поддержки тел.: +7 (727) 237-77-04


  • Мы в соцсетях